Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Астана қаласы әкімдігінің «№112 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі — заман талабына сай жабдықталған, білім мен тәрбиені ұштастырған жаңа үлгідегі білім ордасы. Мектеп 2025 жылдың 9 қаңтарында өз жұмысын бастады. Бүгінде 2000 оқушыға арналған заманауи мектеп елорданың білім кеңістігіндегі ерекше оқу орындарының біріне айналып келеді.
Мектепте 99 оқу кабинеті жұмыс істейді. Барлық кабинеттердің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде жабдықталған. Әсіресе зертханалық кабинеттер заманауи, автоматтандырылған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың сапалы білім алып, тәжірибелік дағдыларын дамытуына толық мүмкіндік жасалған.
Білім ордасында ерекше білімді қажет ететін балаларға да барлық жағдай қарастырылған. Сенсорлық кабинеттер, релакс аймақтары, пандустар, логопед және дефектолог кабинеттері оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Бұл — мектептің инклюзивті білім беруді басты құндылықтардың бірі ретінде ұстанатынын көрсетеді.
Сонымен қатар мектепте STEM, робототехника бағытындағы арнайы кабинеттер, үлкен кітапхана, 4 спорт зал және компьютермен толық жабдықталған 6 информатика кабинеті жұмыс істейді. Мұндай мүмкіндіктер оқушылардың заманауи технологияларды меңгеріп, жан-жақты дамуына жол ашады.
Мектептің алғашқы жұмысын 67 педагог бастады. Ұжым құрамындағы ұстаздар — өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білім мен тәрбие сапасын басты орынға қоятын мамандар.
Білім ордасының басшысы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» республикалық кадрлық резерві бағдарламасы аясында тағайындалған. Сонымен қатар мектеп басшысының екі орынбасары да Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен арнайы кадрлық резервте даярланған білікті педагогтер қатарынан тағайындалды. Бұл — мектептің басқару жүйесінің заманауи көзқарас пен кәсіби тәжірибеге негізделгенінің айқын дәлелі.
№112 жалпы орта білім беретін мектеп — тек білім беретін мекеме ғана емес, оқушының қабілетін ашып, болашаққа бағыттайтын, тұлғалық дамуына жағдай жасайтын үлкен рухани орта. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар дамытып, ел болашағына үлес қосатын жас ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек ете бермек.